Дегенмен барлығының басын қосатын осы мереке ол үшін өзінше бір мектеп, тіпті университет сияқты. Мереке күні ол мысалы, әзербайжан замандасымен еркін әңгімелесіп, бір өңірде бірге өмір сүріп жатқан ұлтты терең тани түсуге мүмкіндік алады.
Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында туып-өскен Аннаның қазақ тілінде еркін сөйлейтініне ешкім таңғала қоймас. Қазақ көршілерімен тату отбасындағы ойын баласының тілді меңгеруіне аулада бірге ойнаған балалардың ықпал еткені анық. Ойын кезінде сары қыз көршілерінің балаларын орысшаға үйретсе, өз кезегінде олар мұның қазақшасын жетілдірді. Аула «дәрісінің» мектепте көмегі көп тиді. Одан кейін Анна түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін оны түрлі конференцияларға, іс-шараларға шақыратындар да көбейді. «Мектептен кейін колледж бен университетті қазақ тілінде бітірдім. Менің қазақ тілін білуім тағдырыма ерекше әсер етті. Жергілікті телеарна қызметке шақырды. Мақалаларды қазақ тілінде жаза бастадым, тіл байлығымды молайттым. Аудан әкімдігінде мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде істеген екі жылда көп нәрсені үйрендім», дейді бүгінде ұлттық арнаның Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесі «Оңтүстік» телеарнасының диктор-редакторы Анна Шолгина. Газет-журналдарды мемлекеттік тілде оқитын Анна ағылшын тілін де меңгеруде. Көп тіл білуге Елбасы Н.Назарбаевпен көзбе-көз сөйлесіп, жүздесуі де септігін тигізген.
Иә, өткен жылы Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстанға жұмыс сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ғимараты алдында бой көтерген «Қазақ еліне мың алғыс!» монументін көрді. Міне, сол күн Аннаның бүгінгідей көз алдында. «Елбасымен кездесуде алған әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес. Мемлекет басшысымен жүздесу кез келген жанға бұйыра бермейтін қуанышты сәт! Қатты қобалжығаным рас. Бірақ Елбасын көрген сәтте бойым жеңілдеп сала берді.
Өзгеше аураны, жылылықты сезіндім. Ашық та қарапайым жан, тез тіл табысады. Мемлекет басшысымен үш тұғырлы тіл жөнінде әңгімелестік. Ол кісі талаптансаң үш тілмен шектелмей көп тіл білуге болатынын, сол арқылы мүмкіндіктің молаятынын айтты. Көп ұлтты мемлекетіміздегі түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің достығы тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы екенін атап өтті. Елбасымен кездесу мені жігерлендірді, ерекше бір сезім мен ертеңге деген сенім сыйлады. Ізденіске, білімге бұрынғыдан да көп мән бере бастадым», дейді А.Шолгина.
Анна үшін де Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын, бірлігі жарасқан 100-ден астам этностың өкілдері үшін де бұл мерекенің орны ерек. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған қазақ елі әлемге бейбітшілік, келісім мен татулықты үлгі етіп отыр. «Қазақ халқы жаратылысынан құшағы ашық, жаны жомарт, қонақжай жұрт екені баршаға аян. Ұлтымыздың осынау ұлы қасиетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басты бағдар етіп белгілеп, дара ұстаным етіп жариялады.
Бұл жөнінде Президент: «Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмырлы ету – біздің ортақ мүддеміз. Даму жолымызда тәуелсіздіктің жалғыз тірегі бірлік екенін еш уақытта ұмытпауымыз керек» деп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді – тәуелсіздігіміздің басты тұғыры етіп қалады. Бүгінде облыстық 20 этномәдени бірлестік халқымыздың байырғы меймандостық, бауырластық, еңбеккерлік сынды асыл дәстүрлерін үздіксіз жалғап келеді. Бірлікті нығайтатын, достыққа үндейтін мерекеде барлық этномәдени бірлестіктер бір үйдің баласындай қуанышын бөлісіп, ертеңін жоспарлайды. Мереке маған сонысымен де қымбат», – дейді Анна Шолгина.
Түрлі этностың басын біріктіріп қана қоймай, оларды ортақ мақсатқа ұйыстырып отырған Оңтүстік халқының үштен бірін жас буын өкілдері құрайды. Біз әңгімелеген Анна Шолгина солардың бірі. Айта кетелік, қазақстандық патриотизм мен жалпыұлттық бірлік қағидаттарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, сол арқылы қазақстандық қоғамның жаңа формациясы – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мақсатында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 93 Достық клубы жұмыс істейді. Клубтың ұйытқы болуымен өткізілетін студент жастармен еркін форматтағы кездесулер, ашық әңгімелер, бизнес-тренингтер, пікір алмасу алаңдары, шеберлік сабақтары сынды іс-шаралардың да ел бірлігін нығайтуда берері мол.
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»